Мақатта жаңа нысандар бой көтеруде

Бұл туралы облыстық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Мақат ауданының әкімі Шәкір Кейкін хабарлады.

– Биыл Мақат ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 3 жоба жүзеге асырылуда. Соның негізінде Мақат кентінде көше жарығы құрылысы мен кентішілік автокөлік жолдарын күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, мұнда көпфункционалды спорттық кешен салыну үстінде және қазіргі уақытта үш қабатты 60 пәтерлік екі тұрғын үй салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың мамыр айында аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде, – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ, Шәкір Кейкін қараша айында  Доссор кентінде үш қатарлы алпыс пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілгенін атап өтті. Оның ішінде 38 пәтер көпбалалы отбасыларға, 15 пәтер әлеуметтік жағынан осал топқа жататын адамдарға, 3 пәтер жетімдер және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және 4 пәтер апатты тұрғын үй иелеріне табыс етілген.