Сарайшықта шырын өндіретін цех іске қосылды
Атырау облыстық коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, Махамбет ауданының Сарайшық ауылында алма, лимон шырыны мен квас сусынын өндіретін цех іске қосылды.
Жаңа кәсіпорынның жұмысымен Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов арнайы барып танысып көрді.⠀
Аталған цех «АтырауАгроӨнімдері» ЖШС-не қарайды, қуаты тәулігіне 2 тонна алма, 1,5 тонна лимон шырыны мен 1,5 тонна квас сусынын өндіруге мүмкіндігі бар.
32 түрлі алма өнімдерінен шырын өндірудеміз. Алдағы жылы 500 тоннаға дейін алма өндіру жоспарда тұр. Әзірге тек өнімдер Атырау облысында таралмақ, кейін батыс өңірі мен Ресей елдеріне шығармақшымыз. Өйткені экологиялық таза өнімнің жарамдылық мерзімі 14 күн болғандықтан, алысқа тасу мүмкіндігі болмай тұр. Өнім 80 пайыз көкөністен, 20 пайыз судан тұрады. Су да үш мәрте сүзгіден өтеді. Цехта әзірге 8 адам жұмыс жасауда, бірақ көктем, жаз айларында мерзімді жұмысшылар 60 адамға дейін көбейеді. Жұмысқа жергілікті тұрғындар тартылады. Және бір айтарымыз, 11 – 12 қаңтарда Германиядан технологтар келіп, біздің мамандарға дәріс береді. Оқу мерзімі екі айға созылады. Осылайша, қызметкерлеріміз жоғары дәрежедегі маман болып шығады, – дейді технолог Тамила Розметова.
Сарайшық ауылында орналасқан «Атырау Агро Өнімдері» серіктестігі Атырау облысында азық-түлік белдеуін қалыптастыруда ерекше үлес қосып келе жатқан кәсіпорын. Ешкі сүтінен құнарлы өнім түрлерін нарыққа ұсынып келген кәсіпорын экологиялық табиғи таза балды да шығаруда. Бүгінде кәсіпорын жергілікті 50 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұған дейін 35 адам ешкі сүті зауытында, 15 адам алма бағында еңбек етіп келсе, енді шырын цехы арқылы тағы 8 адам тұрақты жұмысқа орналасты.