Өрттен 38 адам құтқарылды

Атырауда өрт сөндірушілер тұрғын үйдегі өрттен 38 адамды құтқарды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт 14 желтоқсан сағат 04:04 шамасында болған.
Арнайы қызметтің диспетчер пультіне Атырау қаласындағы Авангард-3 шағынауданында орналасқан үйдің жертөлесінен түтін шыққаны жөнінде хабар түскен.
Шақырту бойынша жеткен төтенше жағдайлар департаментінің кқызметкерлері 5 қабатты тұрғын үйдің жертөлесінде матрас пен ағаш қалдықтарының өртенгенін анықтады.
– Электр кабелі мен су жүйесіне арналған пластикалық тұрбаны қызыл жалын шарпыған. Тұрғын үйдің дәлізін түтін тұмшалап, тұрғындардың өміріне қауіп төнді. Сол себепті өрт сөндірушілер шұғыл түрде 15 пәтерден 38 адамды, соның ішінде 11 баланы қауіпсіз жерге көшірді, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Өртті сөндіруге 10 қызметкер мен 3 техника жұмылдырылған. Жалын сағат 04:18-де оқшауланып, сағат 04:26-да толық өшірілді.