Азық-түлік арзан бағада сатылуда

Атырауда тұрақтандыру қоры азық-түліктің төмен бағада сатылуын қамтамасыз етіп отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов тиісті мекемелерге әлеуметтік маңызды тауарлар бағасын тұрақты ұстау үшін қатаң қадағалауда тапсырған.
Атырау облысына азық-түлік пен көкөніс, жеміс-жидек пен тағамдардың барлығы дерлік өзге өңірлер мен сырттан әкелінеді. Сондықтан жергілікті билік бағаның бассыз кетпеуі үшін тұрақты бақылап отырады. Облыс әкімінің тапсырмасына сай, әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын тұрақтандыруға қатысты қажетті тетіктер жасалған. Атап айтқанда, «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен арада жасалған келісімге сәйкес, қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар тағамдар он бес аталым бойынша көптеген сауда нүктелерінде төмен бағада сатылуда.
«Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының Мемлекеттік жобаларды іске асыру департаментінің менеджері Азамат Айтпаевтың айтуынша, «Идеал маркет» ЖШС-мен арада биылғы жылдың 5 мамырында 400 миллион теңгеге келісім шарт жасалған.
– Келісімге сәйкес, аталған серіктестіктің 36 супермаркет желісі арқылы әлеуметтік маңызы зор тағамдар 15 аталым бойынша сатылуда. Тауарлардың бағасы Атырау облысы әкімдігі бекіткен нарықтан 10 – 15 пайызға төмен, – дейді Азамат Айтпаев.
Жергілікті билі, сондай-ақ, болашақта азық-түлік бағасын арзандату үшін ауыл шаруашылығын дамытуға күш салуда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің жүктеген міндеттеріне сәйкес, саланы субсидиялау мен арзан кредит беру сияқты көптеген кешенді жұмыстарды қолға алған.
Облыстық тұрақтандыру қоры арқылы нарықтағы бағадан 10 – 15 пайызға төмен сатылып жатқан әлеуметтік маңызды тауарлар қатарына бірінші сұрыпты бидай ұны, нан, макарон өнімдері, қарақұмық, күріш, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, сүт, айран, сары май, бірінші санатты тауық жұмыртқасы, ас тұзы, майлылығы 5 – 9 пайыздық ірімшік және көкөністің бірнеше түрі енгізіліп отыр. Мәселен, бірінші сұрыпты бидай ұнының келісі 179 теңгеден, сиыр етінің келісі 1 860 теңгеден, тауық етінің келісі 630 теңгеден және нан 80 теңгеден сатылуда.