Қалаға биыл 400 метр жасанды жол кедергісі орнатылды

Атырау ауылдарындағы апат қаупі жоғары жолдарға жасанды жол кедергілері орнатылды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Қала жолдарына биыл 400 метр жасанды жол кедергісі орнатылған. Бұл әлеуметтік нысандар мен балалар ойын алаңдарының маңындағы қайғылы оқиғалардың алдын алуға жағдай жасайды.
ТКШ ЖК АЖ бөлімінің бас маманы Мұхтар Сағындықов жол инфрақұрылымына қатысты жұмыстар азаматтардың өтініштеріне сай жүргізілгенін айтады.
Дамбы селосындағы Р. Мырзағалиев көшесі мен Ф.Оңғарсынова мектептерінің алдындағы жасанды жол кедергісі ауыл тұрғындарының қала әкімі Қайрат Оразбаевқа жазған өтініші негізінде орнатылған.
Мұндай кедергілер Береке ықшамауданының №33 үйдің ауласы мен Жұлдыз ықшамауданында да тұрғындардың сұрауы бойынша салынды.
Биылға бөлінген 300 белгінің 53-і Атырау – Еркінқала жолы бойында орнатылса, өзгелері жол белгілерін ескерту мақсатында «Сергек» кешенді жүйесі орналасқан жерлерге қойылған. Биыл қалада жаңартылған 35 мың текше метр жолтаңбалардың 13 мыңы термопластиктен дайындалған.
Қазір Атырау қаласындағы 10 357 жол белгісін күтіп ұстау жұмыстарын «Монтажстройсервис» ЖК жүргізуде.