Шаруа қожалығы жауапкершілікке тартылу мүмкін

Индер ауданы Жарсуат ауылдық округіне қарасты Қурайлы сай каналы, Айдын учаскесіндегі егістік алқабындағы ірі қара малдардың қырылу себебі белгілі болды.
Индер ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қырылу дерегін анықтау үшін, өлген малдардың ішкі органдарынан патологиялық материалдар алынып Атырау облыстық мал дәрігерлік зертханасына сараптамаға жіберілген.
Аталған зертхана орын алған жағдайды сараптау нәтижесінде малдардың ішкі құрылысында нитрат, нитрит және алколоидтің қалыпты жағдайда екенін анықтады.
Бұдан бөлек, Индер аудандық ветеринариялық инспекциясы және ветеринариялық стансасының мамандары өлген малдарды ережеге сәйкес сойып тексерген кезде ірі қара малдардың шамадан тыс мөлшерде жуамен қоректенуіне байланысты ас қорыту жүйесіне салмақ түсіп, ас қорыту жолдарының қызметі нашарлағанын және өлімге әкеліп соққанын анықтап, қорытындылады.
Осы қорытындыға сәйкес, аудан әкімдігі тарапынан жеке кәсіпкерге егістік алқабындағы өнімін уақытылы жинамағынына байланысты әкімшілік іс қозғау үшін аудандық прокуратура және облыстық жердің қорғалуы мен пайдалануын бақылау басқармасына хат жолдады. Сонымен қатар, мал иелері келтірілген шығынды өндіру үшін сот органдарына шағымдана алатынын хабарлады.