Қойшылар қасқырмен қалай күресерін білмей отыр

24.kz-тің хабарлауынша, Азғырдың құмында қасқыр қаптап кеткен. Тым еркінсіген түз тағысы малды иесінің көзінше тамақтауда. Бәріне куәгер шопандардың қолы байлаулы. Себебі мылтықтарын полиция жинап алған.
– Күні кеше ғана қасқыр шауып, бір бас қойды тартып жеп кетті. Оны қалай етеміз? Мылтық жоқ ататын. Жинап алды. Енді кері алайық десек қырғын құжат керек. Малды төлетеді, нанбайды. Мал бағу қиындап барады, – дейді асыл тұқымды қой зауытының шопаны Аманғали Ғаббасов.

Қазір коронавирустың кесірінен жақын ауылдарға да қатынас сиреген. Күнкөрісін тек малдан айырып отырған халыққа мына жағдай тіптен қиынға соқты.
Соңғы 4 айда осы шаруашылықтың өзінде 32 бас мал шығын болған. Он бес отардан 12 мыңнан астам қой қыстаққа түсті. Әзірге күн жылы болғандықтан мал өрістен қалмаған. Экспортқа деп асыл тұқымды еділбай қойы бағылатын қожалықта мал басы қымбат екен. Қойдың өзі 60 мың теңге болса, қошқары 120 мың теңге тұрады екен. Қасқыр тамақтаған қойларды қалтасынан төлейтін шопандар шығынға ұшырап отыр.

Биыл Азғыр өңірінен құжаттары жоқ 6 мылтық тәркіленген.
Облыстық ПД ресми өкілі Гүлнәзира Мұхтарованың айтуынша, «жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау» туралы Заңға сәйкес, органдарда тіркелмеген қару-жарақтар тәркіленеді. Үйінде заңсыз қару ұстаған тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Енді шопандарға қару иелену үшін алдымен құжаттарын рәсімдеу керек. Содан кейін учаскелік инспектордың рұқсатымен ғана мылтық сатып ала алады. Ал жергілікті билік бұл мәселені құқық қорғау органдарымен бірлесіп шешпек.