Қазақстан мұнай қоры бойынша 11-орынға шықты

2020 жылғы мұнай қоры бойынша елдер рейтингінде Қазақстан 30 млрд. баррельмен 11-орында. Бұл туралы energyprom.kz хабарлады.
Аталған рейтингте 302,8 млрд. баррельмен Венесуэла көш бастаса, Сауд Арабиясы мен Канада – үздік үштікте.
Биыл 10 айда елімізде 61,2 млн. тонна шикі мұнай өндірілген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 6%-ға аз. Ақшалай алғанда шикі мұнай өндірісінің көлемі 6,5 трлн. теңгеге жетті. Қазақстанда негізгі екі аймақ – Атырау мен Маңғыстау облыстары тиісінше өндірістің 64,3 және 22,8 пайызына ие.
2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан 18,7 млрд. АҚШ долларына 55 миллион тонна мұнай экспорттады. ТМД елдеріне 120,3 млн. АҚШ долларына 439,4 мың тонна шикі мұнай жөнелтілді. ТМД елдері арасында қазақстандық мұнайдың негізгі импортері – Өзбекстан. Қалған елдерге 18,6 млрд. АҚШ долларына 54,6 млн. тонна мұнай жіберілген. Италия, Нидерланд және Үндістан негізгі импорттаушылар болып табылады.