Әлем - 02.12.2020

Британия ең ауқымды вакцинациялау процесіне дайындалуда

Британдық MHRA тұрақтандырушы органы тұрғындарды Covid-19 вирусынан 95%-ға дейін қорғауға қабілетті вакцинаны егу келесі аптада басталатынын мәлімдеген. Бұл туралы ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап хабарлады.
Британия 40 миллион екпеге тапсырыс берген. Бұл 20 миллион адамға вакцина жасау үшін жеткілікті.
Екпені қажет ететін адамдарда, мәселен, қарттар үйіндегі қарияларда вакцинациядан кейін иммундау процесі бірнеше күннің ішінде басталуы мүмкін.
– Бұл бізге қалыпты өмірімізді қайтаруға және экономикамызға серпін әкелуге көмектесетін вакцина, – деп жазды Твиттерде премьер-министр Борис Джонсон.
Денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок BBC Breakfast-қа берген сұхбатында екпе жасату кезегі келгенде NHS адамдарға хабар беретінін айтты. Сондай-ақ, ол көктемнен, яғни Пасхадан бастап жағдай жақсарып, жазда адамдар алаңсыз демала алатынына сенімді екенін жеткізді.
50-ге жуық аурухана қазір екпені күтіп отыр және мәжіліс орталықтары сынды жерлерде вакцина жасауға арналған орындар дайындалып жатыр.
NHS атқарушы директоры Саймон Стивенс, денсаулық сақтау қызметі ел тарихындағы ең ауқымды вакцинациялау процесіне дайындалып жатқанын мәлімдеді.
Сарапшылардың пікірінше, вакцинация басталғанымен адамдар коронавирус талаптарына мұқият болып, әлеуметтік қашықтық пен маска тағу ережесін сақтағаны абзал.