Атырауда құрылысы бітпеген 8 қабатты тұрғын үй өртенді

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт сағат 11:55-те басталған.
– Диспетчерлік пультке Сейфуллин көшесінде салынып жатқан тұрғын үй кешенінің 3-ші қабатынан түтін шығып жатқаны жөнінде хабар түсті. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер көпқабатты тұрғын үй кешенінің үшінші қабатындағы 30 шаршы метрлік бөлмеде жылу электр құрылғылары мен пластикалық терезенің өртенгенін анықтаған. 9 қызметкер мен 2 техника тілсіз жауды сағат 12:04-те оқшаулап, 12:07-де сөндірді, – делінген департаменттің хабарламасында.
Болжам бойынша өрттің шығуына электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болған.