Алаяқтық әрекет әшкереленді

Қаржылық қиындықтарға тап болған Атырау қаласының тұрғыны, оны біреудің қайғысын жамылып шешуге тырысқан.
Атырау облысы полиция департаменті бастығы Қамза Үмбетқалиевтың хабарлауынша, күдікті Instagram әлеуметтік желісінен «церебралды сал ауруымен» ауыратын үш жасар сәбиді емдеуге қаражат жинау туралы беріліп, кейін алынып тасталған хабарландыруды көріп өз ойын іске асыруға кіріскен. Әйел әлеуметтік желіде жеке парақша ашып, науқас баланың фотосуреті мен өзінің банктік деректемелерін көрсете отырып, көмек сұраған жазбасын жариялаған.
Жалған хабарландыруды кездейсоқ көріп қалған баланың анасы полицияға арызданды.
Көп ұзамай, қалалық полиция басқармасының №1 полиция бөлім қызметкерлері хабарландыру авторын, яғни Атырау қаласының 28 жасар тұрғынын анықтап, ұстады. Айтуынша, ол өзінің 40 мың теңге қарызын өтеу үшін осындай әрекетке барған.
16 – 23 қараша аралығында алаяқтыққа барған әйелдің есепшотына балаға көмек қолын созған азаматтардан 200 теңгеден 2 000 теңге аралығында жалпы сомасы 37 000 теңге түскені анықталды.
Тексеру барысында күдікті әйел аталған соманы өзіне кешірім берген баланың анасына қайтарды.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.