Карантин тәртібін бұзғандарға 75 млн. теңге айыппұл салынды

Облыстық полиция департаменті бастығы Қамза Үмбетқалиевтың мәліметінше, Атырауда карантин режимі талаптарын бұзған 1 000-ға жуық кәсіпкерлік нысан анықталған.
Олардың қатарында ойын сауық орындары, сұлулық салондары, монша, дүкен және басқа да кәсіпкерлік түрлері бар.
Полиция қызметкерлері мобильдік топ құрамымен 27 – 28 қараша екі күн қатарынан рейд жүргізіп, карантин талабын бұзған бірнеше нысанды анықтады. Атап айтқанда, Студенттер даңғылында орналасақан «Лифт» мейрамханасы, Авангард-4 ықшамауданында орналасқан «Эсперанзо» кафесі, Вокзал маңы ықшамауданында орналасқан «Донер» дүңгіршегі, Водник поселкесінде орналасқан «Бегіс» азық-түлік дүкені, М.Горький көшесінде орналасқан «Рыба моей мечты» караоке клубы, С.Датов көшесінде орналасқан «Атамекен» моншасы белгіленген уақыттан тыс жұмыстарын жалғастырып, карантин режимін бұзған.
Анықталған нысандардың ішінде, бұған дейін де талапты ескермей, ӘҚБтК-нің 425-бабымен жауапкершілікке тартылғанындар бар. Мысалы «Лифт» мейрамханасы осы уақытқа дейін 3 рет , «Рыба моей мечты» караокесі осымен 7-ші рет карантин тәртібін бұзып отыр.
Қазіргі уақытта аталған мекемелердің иелеріне қатысты жиналған іс-құжаттар процессуалдық шешім қабылдау үшін, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды.
Шілде айынан бері Атырау қаласында карантин тәртібін бұзған осындай 1 000-ға жуық кәсіпорын иелеріне 75 млн. теңге айыппұл салынған.