Атыраулық оқушылар домбырашылар флешмобына қатысты

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары дәстүр бойынша бесінші жыл қатарынан ұлттық мәдениетті насихаттау мақсатында домбырашылар флешмобына қатысты. Бұл туралы мектептің баспасөз қызметі хабарлады.
Жүзден аса оқушы бір мезгілде Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина Нұрпейісова және Нұрғиса Тілендиевтің танымал туындыларын орындады.
Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жиырма оқушысы Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» күйін тікелей эфирде орындады. Оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналар домбыра оркестрінің трансляциясын мектептің YouTUBE арнасында қашықтықтан тыңдады.
– Мен үшін бұл флешмоб ерекше, өйткені мен оған алғаш рет қатысып отырмын. Биыл мен Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне түстім. Жыл сайын қаладағы сауда орталықтарында оқушылар осы флешмобпен өнер көрсеткені есімде. Сол кезде мен де осы оқушылардың қатарында болуды армандайтын едім, – дейді 7-сынып оқушысы Жеңіс Алмас.
Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде желтоқсан мерекелеріне арналған дәстүрлі онкүндік өтіп жатыр. Онкүндік аясында түрлі іс-шаралар, ашық сабақтар, қонақтармен кездесулер, көрмелерге қатысу және танымдық курстар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, мектептің жас тілшілері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті барған нысандар туралы әңгімелейтін «Елбасы ізімен» атты деректі фильмді дайындады.