Тұрақтандыру қорында 605 тонна көкөніс бар
Қазіргі уақытта «Атырау» ӘКК АҚ-ның тұрақтандыру қорында 605 тонна көкөніс өнімдері бар. Бұл туралы Атырау облысы коммуникациялар қызметі хабарлады.
Оның ішінде 361 тонна картоп, 80 тонна пияз, 50 тонна сәбіз және 114 тонна қырыққабат бар.
– Биыл біз «Феликс» шаруа қожалығымен 605 тонна көкөніс жеткізуге форвардтық шарт жасастық. Ол өнімдер шаруа қожалығының жеке қоймасында сақталады. Тұрақтандыру қорынан шыққан көкөніс бағасы өткен жылғы деңгейде қалады, – деді «Атырау» ӘКК АҚ мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және МЖӘ жобаларын сараптау департаментінің басшысы Гүлмира Меңдіғалиева.
Департамент басшысы, сондай-ақ, қоймаға жеткізілетін көкөністің биылғы көлемі не себепті азайғанын айтты.
Оның айтуынша, соңғы жылдары атыраулықтар көкөніс тапшылығын сезінбеген. Қысқы мезгілде де баға тұрақты. Сондықтан тұрақтандыру қорына 605 тонна өнім жеткілікті деген қорытындыға келген.
⠀
Тұрақтандыру қорының өнімдері желтоқсаннан бастап 4 ірі сауда нүктесіне бекітілген бағамен сатуға шығарылмақ.
Сондай-ақ, өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу және тұрақтандыру жұмыстары жалғасуда.