Кәсібін дөңгелеткен ерекше жан

Әлия Исимова – кәсіпкер. Оның Бірлік шағынауданында балалар киімін тігетін шеберханасы бар.
Жалғыз тігін машинамен бастаған кәсібін бүгінде тоғыз жұмысшыны еңбекпен қамтитын үлкен шеберханаға айналдырған 55 жастағы мүмкіндігі шектеулі Әлияға дем беріп, алға сүйреп отыруына себеп – балалары.
Кәсібін бастаған 5 жылдың ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» оның жобасын төрт рет қаржыландырған.
– Биыл біз шеберхана аумағын кеңейту үшін 6 миллион теңге несие алып, маусымда құрылыс жұмыстарын аяқтадық. Карантин кезінде тапсырыс көп түсті және олар өте риза. Өйткені, балаларға керек-жарақ пен сапалы киім-кешекті алыстан арбалаудың қажеті жоқ, – дейді Әлия.
Оның айтуынша, мемлекет кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетіп отыр. Бастысы, адамның жұмыс істеуге деген құлшынысы болса болды. Несие бойынша барлық төлемдерді уақытында төлеген Әлияға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» қызметкерлері көмектесуден ешқашан бас тартпаған.