Атырауда жылына 30 млн. маска шығарылмақ

Атырауда «Доктор Хаус» ЖШС медициналық бетперделер тіге бастады. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Кәсіпкер Махмут Мералиев пандемияның бірінші толқынындағы жағдайды ескере отырып, қолжетімді бағаға сатылатын маска жасап шығаруды қолға алған. Үкімет тарапынан қолдау тапқан бастаманың алғашқы өнімдері Тәуелсіздік күні қарсаңында сатылымға шығады.

– Бүгінде компанияда 20 жұмысшы қызмет етеді. Бір реттік маскаларымыз тоқылмаған материалдан жасалып, оны пайдалану уақыты 2 сағаттан аспайды. Үш қабатты ересектерге арналған медициналық бетперделерді жылына 30 млн. данамен шығаруды көздеп отырмыз, – деді зауыттың бас инженері Мұхтар Махметов.

Оның айтуынша, Атырауда тігілген бетперделер алдағы уақытта еліміздің барлық өңіріне сатылымға шығарылмақ. Сондай-ақ, компания балаларға арналған маскалар да шығаруды жоспарлап отыр.