Атырауға жаңа трансформаторлар орнатылуда

Облыс орталығына 50 толық жабдықталған жаңа трансформаторлық подстанциялар жеткізілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Енді бірнеше жыл бойы жарыққа қатысты шағымы бар 5 000 отбасының мәселесі шешілетін болды.

Электр энергиясын жеткізу сапасын жақсартуға қажетті құрылғы облыс орталығымен қатар қала маңындағы елдімекендерге де орнатылуда. Атап айтқанда, кеңестік дәуірден бері құрылғылары жаңартылмаған Лесхоз ықшамауданына қолданыстағы трансформаторларға қоса әрқайсысының қуаттылығы 630 квА болатын 2 жаңа трансформатор орнатылды.

Толқын ықшамауданы тұрғындарына да жарық енді жаңа трансформатордан таратылады. «Атырау-Жарық» АҚ мамандары жаңа трансформаторларды Жерұйық ықшамауданы мен Ақсай селосына да қондырған.
Кезек бойынша алдағы күндері трансформаторлар Ескі аэропорт, Геолог, Балықшы және Жұмыскер ықшамаудандары мен қаланың барлық бөлігіне қойылады.