Үзілісте Абай әндері шырқалады

Атырау облысы Мақат кентінің №2 бастауыш мектебінің оқушылары үзіліс кезінде Абай әндерін шырқайды. Бұл туралы Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Абайдың 175 жылдығы аясында аталмыш білім ордасында қазақтың бас ақынына арналған кабинет ашылып, караоке орнатылған. Енді оқушылар сабақтан үзіліс кезінде Абай әнін шырқайды. Оқу орны дәлізіне үш нүктеге экран, сегіз жерге дыбыс зорайтқыш аппарат қойылған.

– Балалармен қарым-қатынас ашық диалог алаңына негізделген. Оқушылар арнайы жасақталған қабырғаға мектепте қосымша айналысқысы келетін дүниелері туралы жазып кетеді. Балалар тарапынан түскен ұсыныстар негізінде мектеп дәлізіне караоке орнаттық. Бұл әдіс оқушылардың мектепте өздерін еркін сезінуіне ықпал етуде, – дейді Мақат кентінің №2 бастауыш мектебінің директоры Руслан Баймұқашев.

Бастауыш мектепте дәстүрлі біліммен бірге оқушыларға ұлттық тәрбие берілуде. Бұл бағытта бірнеше кабинеттер ашылған.

Руслан Баймұқашевтың айтуынша, ұлттық тәрбие кабинетінде дәстүр, тарихқа негізделген сабақтар жүргізеді. Кабинет мақал-мәтелдермен, ырым-тыйымдармен безендірілген. Ұлттық ойындар туралы танымдық материалдар да бар. Бұл кабинетте сынып жетекшілері оқушыларға ұлттық құндылықтар тұрғысында дәріс береді.

Сыйымдылығы 80 оқушыға шақталған Мақат кентінің №2 бастауыш мектебінде барлығы 203 оқушы бар. Бастауыш сыныптардан бөлек, мектепте 37 шағын орталық, 22 мектеп алды даярлық топ жұмыс істеп жатыр.