Қашағанда мұнай өндіру шектеледі

Қашағандағы мұнай өндіру көлемі ілеспе газды кәдеге жаратуға байланысты шектелетін болды. Sputnik Қазақстанның хабарлауынша, бұл туралы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді.
– Қашаған кен орнында өндірісті шектеудің негізгі себебі – ілеспе газды кәдеге жарату, – деді министр.
Осы мақсатта North Caspian Operating Company Атырау облысындағы «Болашақ» газ өңдеу зауытының жанынан қуаттылығы 1 миллиард текше метр болатын газ өңдеу зауытын салу туралы инвесторлармен келісімге келді.
– Болашақта тараптар барлық көрсеткіштер бойынша келісімді мақұлдаған соң, оның қуаттылығын 5 миллиард текше метрге дейін ұлғайту жоспарланып отыр, – дейді Ноғаев.
Министрдің айтуынша, қазіргі кезде жұмыс белсенді жүргізілуде және келіссөздер аяқталуға жақын.