«АМӨЗ» үстінен әкімшілік іс қозғалды

1 қарашада Атырау облысы бойынша экология департаменті мен жергілікті қоғамдық бақылау өкілдері Атырау қаласының экологиялық ахуалына мониторинг жүргізіп, нәтижесінде «АМӨЗ» ЖШС-не тиесілі булану алаңындағы су ағызу каналына ағызылған судың құрамында мұнай өнімдері мен биологиялық шламның бар екендігі анықталған. Бұл туралы облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегенов онлайн баспасөз мәслихатында хабарлады.
Оның айтуынша, аталған жерге департаменттің зертханалық бақылау бөлімінің маманы жіберіліп, «АМӨЗ» өкілдерінің қатысуымен судың сынамасы алынған. Аталған факт бойынша жоспардан тыс тексеріс ашылып, нәтижесіне сәйкес сарқынды су құрамында жобалық құжаттамада белгіленген нормотивтен асу фактісі анықталған. Атап айтқанда жалпы темір және құрғақ қалдықтар бойынша – 1,5 есе, сульфат бойынша – 2,5 есе, азот аммонийі бойынша – 5 есе, мұнай өнімдері бойынша – 6 есе, өлшеусіз заттар бойынша 628 есе нормадан асқан.
Аталған жағдайды «АМӨЗ» биологиялық тазалық өндірісінде орын алған ақаумен байланыстырған.
– Атырау мұнай өңдеу зауыты өз тарапынан ӘҚБтК-нің 325, 328, 331-баптарын бұзып отыр. Қазіргі таңда ЖШС-тің үстінен алынған су сынамасының нәтижесінде нормадан асудың ауытқуларын біле отырып, департаментке хабарламағаны үшін ӘҚБтК-тің 325-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды,- дейді Сырым Тілегенов.