«Menin Armanym» атты қор құрылды

Қазақстанда ауыр дертке шалдыққан 3 – 18 жас аралығындағы балалардың арманын орындаумен айналысатын «Menin Armanym» атты корпоративті қор құрылды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Қазақстанда ауыр дертке, жазылмас дертке шалдыққан мыңдаған бала бар. Олардың арасында жарық дүниемен қоштасуына санаулы жылдар, тіпті санаулы айлар қалғандары қаншама. Аталған қайырымдылық жобасының мақсаты – ауыр дертке шалдыққан балалардың арманын көзі тірісінде орындауға атсалысу.
Жоба балалардың мынадай арманын орныдауға дайын:
— «Уақытша … болғым келеді» (ғалым, полиция қызметкері, аспаз, трактор жүргізушісі, ханшайым)
— «… барғым келеді» (зообаққа, мұражайға, басқа қалаға, театрға, телебағдарлама түсіріліміне)
— «… кездескім келеді немесе қолтаңбасын алғым келеді» (сүйікті спортшыммен, әншімен, тележүргізушімен, саясаткермен немесе басқа да танымал қазақстандық тұлғамен)
— «Атап өткім келеді» (туған күн, жаңа жыл, той)
– Ауыр дертке шалдыққан балалардың мұндай арманын жобаға демеуші болу арқылы, волонтерлік қозғалысқа немесе Қазақстан аумағында қайырымдылық бағытында жұмыс істейтін ұйымға мүше болу арқылы жүзеге асыруға болады. Аталған қор балалардың арманын жүзеге асыру үшін қаражат жинаумен айналысады. Жиналған қаражат балаларға сыйлық алуға немесе дертін емдеуге жұмсалады, – дейді жобаның медиа-координаторы Олжас Есболов.