«Атаманның ақыры» фильміне – 50 жыл

Президент кино және театр өнерінің майталман актері, Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовті миллиондаған көрермен ықыласына бөленген «Атаманның ақыры» көркем фильмінің түсірілгеніне 50 жыл толуына орай құттықтады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы дарынды режиссер Шәкен Аймановтың және үлкен шығармашылық ұжымның бірлескен күш-жігерінің арқасында өмірге келген бұл туындының отандық кино өнері саласында алатын орны айрықша екенін атап өтіп, оны детектив жанрында түсірілген алғашқы фильмнің бірі деп бағалады.
Президенттің құттықтау хатында «Атаманның ақыры» фильмі тарихи деректерге негізделген шытырман оқиғаларға толы екені, сол заманның өскелең ұрпағын отансүйгіштікке, елді қорғау үшін жанқиярлықпен күресуге тәрбиелегені туралы айтылған.
– Өзіңіз аталған кинотуындыда чекист Қасымхан Шадияров рөлін өте ғажап сомдап шықтыңыз. Арпалысқа түскен қоғамда жауапты қызметкердің өзіне жүктелген құпия тапсырманы орындау жолындағы батырлық пен қайсарлық танытқан іс-әрекетін шынайы көрсете білдіңіз. Сізді аса көрнекті актер ретінде КСРО ғана емес, бүкіл әлемдік кинематография қауымдастығы мойындады, – деп жазылған құттықтау хатта.
Сонымен қатар, қазақстандық әйгілі әртістер Елубай Өмірзақов, Нұрмұхан Жантөрин және Алтынай Елеуова да өздері сомдаған рөлдерін үлкен шеберлікпен орындағаны жазылған.
Құттықтау соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Асанәлі Әшімовке зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына құт-береке тіледі.