Модульдік инфекциялық аурухана пайдалануға берілді

Атырауда екі ай ішінде салынған 200 орындық модульдік аурухана инфекциялық бақылаудың барлық стандарттарына сәйкес келеді. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Мекеме диагностика және емдеу үшін заманауи медициналық жабдықтармен: компьютерлік томографпен, сандық рентген аппаратымен, медициналық газдар жүйесімен, УДЗ, ЭКГ, өкпені жасанды желдету аппараттары және басқалармен қамтылған. Медициналық мекемеде қауіпсіздік деңгейі жоғары ақылды желдету жүйесі орнатылған.

Палаталарда әр төсекте медбикені шақыру түймесі бар. Оқшауланған бокстарға арнайы чиптер арқылы ғана кіруге болады. Сондай-ақ, 20 реанимациялық төсек қарастырылған. Госпитальда жергілікті медицина қызметкерлерімен қатар Грузия республикасынан келген дәрігерлер алты ай бойына жұмыс жасайтын болады.

Айта кетейік, медициналық мекеменің жалпы аумағы – 8 924 шаршы метр.
Медициналық нысанда 56 – екі орындық, 16 – үш орындық, 6 бір орындық палаталар және жеті екі орынды бокстар аулаға шығатын арнайы есіктерімен жасалған.