Облыс әкімі Жылыой ауданына барды

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жұмыс сапарымен Жылыой ауданында болып, әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысып, коронавирустың болжамды екінші толқынына дайындықты тексерді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Махамбет Досмұхамбетов алдымен аудандық орталық емханаға барып, дәрігерлердің дайындығын қарап, қоймадағы дәрі-дәрмектер мен бір реттік қорғаныш құралдары қорын тексеріп шықты.
122 дәрігер және 435 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейтін емхана ауысымына 1 250 науқасқа дейін қабылдайды.
Екінші толқынға дайындықты тексеріп болған соң аймақ басшысы аудан әкімі Хәлел Жамаловқа бірқатар нақты тапсырмалар берді. Оның ішінде маска режимі мен әлеуметтік арақашықтықты сақтауды күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ, халықтың той-томалақтан аулақ болып, қауіпсіздікті арттыруы үшін түсіндіру жұмыстары мен мобильдік топтар рейдін жандандыруды жүктеді.
– Біз үшін әрбір азаматтың денсаулығы мен қауіпсіздігі маңызды. Тұрғындарымыз жаздағы қиын ахуалды ұмытпай, сақтықты қайтадан күшейтуі керек. Өзінің және айналасындағы туған-туыстары үшін жауапты екенін бір сәт те естен шығармағаны абзал, – деді облыс басшысы.