Елдің батысы снарядтардан тазаруда

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының сапер жауынгерлері оқу-жаттығу полигондарын жарылмаған снарядтар мен әскери жарылғыш заттардан толық тазартуда.
Атырау гарнизонының баспасөз қызметінің мәліметінше, полигондарды жаңа оқу жылына дайындауға инженерлік бөлімшелер жұмылдырылған. Олар жеке қорғану құралдарымен, 0,6 метр тереңдіктегі жарылғыш заттарды табуға арналған заманауи мина детекторларымен, байланыс құралдарымен, сондай-ақ, жарылғыш заттарды тасымалдайтын арнайы көліктермен қамтамасыз етілген.
Іс-шара барысында Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау облыстарында орналасқан «Оймаша», «Бейнеу», «Есет батыр» және «Қаработан» полигондарының аумағынан 48 мың гектардан астам жер тазартылған.
– Тазарту жұмыстарының басты мақсаты – жарылмаған оқ-дәрілерді жою. Себебі мұндай оқ-дәрілері істен шыққан. Қауіпсіздік мақсатында барлық жарылғыш заттар детонация әдісімен табылған орнында жойылады, – дейді әскери бөлімнің инженерлік қызметінің бастығы капитан Нұржан Сапарбеков.