«Атырау» ШФК бірінші орында келеді

Атырау облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, футзалдан Қазақстан чемпионатының бірінші айналымы аяқталып, 8 ойынның қорытындысы бойынша «Атырау» ШФК 20 ұпаймен турнирлік кестеде бірінші орында келеді.
Ел чемпионаты ойындарының бірінші айналымы 25 қазан мен 7 қараша күндері Щучинск қаласында өткен.
Бірінші айналымда атыраулық команда жеңіліс көрмей, 6 ойынды ұтып, 2 ойында тең түсті. Тең түскен командалар – алматылық «Қайрат» және «Ақтөбе».
«Атырау» шағын футбол командасының директоры Тұрлан Айтпаевтың айтуы бойынша, команда екінші айналымға күш жинап, толық дайындық үстінде. Одан бөлек жергілікті спортшылардың шеберлігін арттыруға баса назар аударылатынын атап өтті.