АМӨЗ-де орын алған оқиғаға кінәлілер жазаланатын болады

Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
5 қараша күні «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының мұнай өңдеу және мұнай химиясы жөніндегі орынбасары Данияр Тиесовтің Атырау мұнай өңдеу зауытына арнайы сапары барысында жиналыс өтіп, онда биологиялық тазарту құрылыстарында орын алған оқиға қарастырылды.
Атап айтқанда, қазіргі кезде мұнай өнімдерінің бекітілген нормадан шекті рұқсат етілген шығарындыларының жоғары мөлшері анықталмағаны жөнінде есеп берілді. Бұдан бөлек, оқиға себептері мен жүргізілген тексерудің нәтижелері ескеріліп, табиғатты қорғау бойынша іс-шаралар жоспары қайта пысықталды. Оқиғаны тергеу жөніндегі комиссияның тексеру нәтижелері бойынша АМӨЗ-дің жауапты тұлғаларын жазаға тарту туралы шешім қабылданатын болады.
– Қала үшін күрделі оқиға орын алды. Оған зауыт жауапты. Қала тұрғындарынан кешірім сұраймыз. ҚМГ басшылығы жағдайды жіті бақылауында ұстап отыр. Зауыт аса қысқа мерзім ішінде жағдайды түзетіп, алдағы уақытта осындай апаттарды болдырмау бойынша тиісті шаралар қабылдауға тиіс, – деп атап айтты Д.Тиесов.
Еске сала кетсек, 1 қараша күні сағат 16:00-де электр қуатын беру жұмыстарының ақауы салдарынан ағынды суды биологиялық тазарту блогы тұндырғышының шламды рециркуляциялау сорғысы тоқтап қалған. Соған байланысты тұндырғыштың құм сүзгісіне шығуы қажет қалқыма және органикалық зат шығарындылары шамадан асты. Бұл кезде құм сүзгісі блогында жөндеу жұмыстары жүріп, аталған блок технологиялық схемадан уақытша ажыратылған. Соның салдарынан биологиялық тазарту құрылыстарынан құрамында қалқыма және органикалық заттары бар сарқынды су нормативті-тазартылған сарқынды су арнасына ағып кетті.
Қарашаның 1-і күні сағат 23:00-де биологиялық тазарту құрылыстарының жұмыс тәртібі қалпына келтірілді. Сонымен қатар, нормативті-тазартылған сарқынды су арнасында биошламның одан әрі өтуіне жол бермейтін бөгеттер орнатылды. Қазіргі уақытта арнадағы биошлам вакуумдық машиналармен сорылып, зауытқа кері әкелінуде.