Өңір басшысы Исатай ауданына сапарлады

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов іссапармен Исатай ауданына барып, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Аймақ басшсы Исатай ауданына соңғы тоғыз айдың ішінде екі рет сапарлады. ⠀
Құрамына 7 ауылдық округ пен 16 елдімекен кіретін, халқының басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысатын Исатай ауданының тұрғыны – 28 мыңға жуық.
Әкім сапарын Х.Ерғалиев ауылынан бастап, құрылысы жүріп жатқан инжерелік-коммуникациялық инфрақұрылымдардың жұмысымен танысты.
– Ауылда жаңадан салынып жатқан 133 тұрғын үйге арналып газ, су, электр жарығы жүргізіліп, жұмыс уақытылы жасалуда. Газ бен су құбыры жұмыстары аяқталып қалса, «Жайық-жарығы» ЖШС-мен жүргізіліп жатқан электр желісі жұмыстары біткен соң ауыл тұрғындарының баспана бойынша арыздары қанағаттандырылады, – дейді Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тажиденова.
Сапар барысында аймақ басшысы аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан 100 орындық жатақханасы бар Кәсіптік лицей, 60 пәтерлік тұрғын үй, кәріз жүйесі, өрт сөндіру депосы мен ауылішілік автокөлік жолдарының жұмыстарымен және Жанбай ауылындағы 200 орынды мешіт құрылысымен танысты. Одан кейін Нарын ауыл ішінен салынып жатқан жол мен ауылдық кубтың жұмысымен танысты.
Сонымен қатар, Махамбет Досмұхамбетов ауданның COVID-19-дың туындауы мүмкін екінші толқынына дайындығымен де танысты. Осы негізде аудандық аурухана мен 3,5 мыңға жуық халқы бар Жанбай ауылының дәрігерлік амбулатория жұмысын көзбен көрді. Мұндағы дәрігерлердің дайындығы, дәрі-дәрмектер мен бір реттік қорғаныш құралдары қорының қаншалықты екенін өзі тексеріп шықты.
Облыс әкімі ауданның қазіргі даму қарқыны мен жасалып жатқан жұмыстарды жақсы бағалады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы көрсеткіштеріне келер болсақ, аудан бойынша 8,5 мыңға жуық түйе, 19 мыңға жуық жылқы, 20 мыңнан астам мүйізді ірі қара, 39 мыңға жуық қой-ешкі бар. Биыл 4 800 тонна ет, 3 800 тонна сүт, 105 мың дана жұмыртқа өндіріліп, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 4 978,3 млн. теңгеге жеткен.
Сондай-ақ, экономиканың барлық салаласында 1 334 жұмыс орны ашылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 64,5 пайызға артық.

Аймақ басшысы аудан әкімі мен жауапты тұлғаларға жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының уақытылы аяқталуын қадағалауды, COVID-19-дыңі екінші толқыны туындай қалған жағдайда дайын болып, қажетті дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтар азайған жағдайда ертерек тапсырыс беріп, барлығын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, инвесторлар тартып, жаңа жұмыс орындарын көптеп ашуға тапсырма берді.