Жаңаталаптағы мектеп келесі жылы пайдалануға беріледі

Атырау қаласы Жаңаталап селосында салынып жатқан 300 орындық мектеп интернаттың құрылысы келесі жылы толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, бұл туралы Атырау облысы құрылыс басқармасы хабарлаған.
Кеше Жаңаталап ауылының бірнеше тұрғыны былтыр маусым айында салына бастаған 300 орындық мектеп-интернаттың құрылыс жұмыстары біржола тоқтап қала ма деп алаңдаушылық танытқан еді.
Қазір уақытша тоқтап тұру себебін құрылыс басқармасы бюджет шығыстарын қайта қараумен байланыстырады. Соған сәйкес, бюджет қаражаты есебінен құрылысы жүріп жатқан мектеп-интернаттың қаржыландыруы уақытша тоқтатылған. Нысанның жұмысын қаржыландыру жыл соңына дейін шешіліп, құрылыс-монтаж жұмыстары 2021 жылдың алғашқы айларында басталады деп жоспарлануда.
300 орындық мектеп-интернаттың құрылысы келесі жылы толық аяқталып, жыл соңына дейін ел игіліне толық берілмек.