8,4 млрд. теңгеге 40 бизнес жоба іске асырылмақ

Атырау облысында 8,4 млрд. теңгенің 40 бизнес жобасы мақұлданды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«Атамекен» ҰКП өңірлік филиалында шағын және орта бизнестің ұзақ мерзімді бағдарламасын жүзеге асыру үшін «қарапайым заттар» экономикасын дамыту жөніндегі жобалық кеңсе жұмыс істейді.
Кеңсе тұрақты негізде қаржыландыру мақұлданған жобаларға мониторинг жүргізеді. Жаңа жобалар іздестіріп, проблемалық мәселелерді талқылайды. Сондай-ақ, бағдарламаның іске асырылуын жақсарту үшін бизнес субъектілерінің ұсыныстарын саралайды.
– Жобалық кеңсенің ұсынысымен бағдарламаға асбестцемент пен талшықты цементтен жасалған бұйымдар, пластикалық бұйымдар, бетоннан жасалған құрылыс бұйымдары өндірісі қосымша енгізілді. Жобалық кеңсенің қоржынында 33,3 млрд. теңгенің 104 жобасы бар. Оның ішінде жалпы сомасы 8,4 млрд. теңге болатын 40 жоба мақұлданды, – дейді өңірлік филиалдың жобаларды қолдау бөлімінің басшысы Еркінбек Қаракешев.
Оның айтуынша, жобалар толық іске асырылған кезде импорттың үлесі едеуір төмендейтіні күтіліп отыр. Мәселен, жеңіл өнеркәсіпте 71%-дан 60%-ға, тамақ өнеркәсібінде 54%-дан 40%-ға, құрылыс материалдары өндірісінде 74%-дан 65%-ға, ал химия өнеркәсібінде 55%-дан 40%-ға дейін төмендейді.