Бір күнде 11 қылмыс ашылды

Атырау облысында 26 қазаннан бастап республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды.
Шараның бірінші күні өңірдің полиция қызметкерлері 11 қылмысты әшкереледі. Олардың екеуі – бұрын жасалған қылмыстар. Ашылған қылмыстың тағы екеуі – ұрлық, үшеуі – алаяқтық және басқалар.
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары 800-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Олардың басым бөлігін жасаған – көлік жүргізушілері. Атап айтқанда, автокөлік жүргізушілерінің 500-і жылдамдықты арттырған, 100-і қауіпсіздік белдігін тақпаған, ал 12 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізген.
Сонымен қатар, спирттік ішімдік ішкен және қоғамдық орындарда мас күйінде жүру бойынша 90 факті, 45 ұсақ бұзақылық, алкоголь өнімдерін сату саласында екі құқық бұзушылық тіркелді.
«102» кезекші пультіне тым шулы көршілері туралы 31 қоңырау және отбасылық жанжалдар туралы 20 хабарлама келіп түскен.
«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы 1 қарашаға дейін жалғасады.