Студенттік жатақханадан өрт шықты

Атыраудағы студенттер жатақханасынан өрт шықты. Бұл туралы өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өрт кеше таңертеңгі уақытта Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне тиесілі Студенттер көшесіндегі 4 қабатты ғимараттың бірінші қабатында болған.
Ғимараттың 1 және 2 қабатынан 36 адам өз бетінше эвакуацияланған. Оның ішінде 8 бала бар.
– Мұнда 21 отбасы тұрады. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Тілсіз жаудың ықтимал себебі – ұзартқыштың қысқа тұйықталуы, – деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Өртті сөндіруге Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің 6 автотехникасы мен 20 қызметкері атсалысқан. Тілсіз жау 8 сағат 48 минутта сөндірілді.