1 миллион теңгеден астам айыппұл арқалаған жүргізуші ұсталды

1 млн. теңгеден астам айыппұлын төлемей жүрген «BMW» автокөлігінің жүргізушісі ұсталды.
Атырау полицейлері 15 қазаннан бері «Борышкер» іс-шарасын өткізуді қолға алған еді.
Жол қозғалысы ережесін бұзу, оның ішінде жылдамдықты асыру фактілерін фото-бейнетіркеуді жүзеге асыратын, жалпы автокөлік қозғалысын бақылауға алатын «КОРДОН М-2», «КОРДОН М-4» кешендерінің бейнекамераларына Армения Республикасынан әкелінген «BMW-525» автокөлігі түскенін анықтады.
Көлік жүргізушісі 55 рет жылдамдықты асырып, 1 миллион 083 мың 420 теңге көлеміндегі айыппұлды төлемегені үшін ұсталды. Ал 40 мәрте жылдамдықты сақтамаған «ВАЗ-21144» көлігінің жүргізушісіне салынған айыппұл құны – 666 мың 720 теңге.
– Сондай-ақ, «ВАЗ-2108» автокөлігінің жүргізушісіне 21 рет жылдамдығын асырғаны үшін 333 мың 360 теңге айыппұл салынған. Ал 28 рет жылдамдығын асырған Ресей есебінде тұрған «ВАЗ-21014» көлігінің жүргізушісіне салынған айыппұл 494 мың теңгеге жеткен, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Патруль полицейлері берілген бағыттамаға сәйкес, иелері айыппұлды төлемей жүрген тағы 37 автокөлікті тоқтатқан. ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 785-бабына сәйкес, айыппұл төлемей, борышкер атанған жүргізушілердің көлігі айып тұрағына қойылды.