Облыстың тұрақтандыру қорына ауыл шаруашылық өнімдері сатып алынады

Атырау облысында тұрақтандыру қорына 605 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері сатып алынады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ жанындағы тұрақтандыру қорына ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу басталды.
– Биыл «Феликс» шаруа қожалығымен 605 тонна көкөніс жеткізуге форвардтық шарт жасадық. Бұл шаруашылық 361 тонна картоп, 80 тонна пияз, 50 тонна сәбіз, 114 тонна қырыққабатпен қамтиды. Дайын өнім шаруа қожалығының жеке қоймасында сақталады. Тұрақтандыру қорындағы көкөністердің бағасы былтырғы деңгейде қалады, – деді «Атырау» ӘКК АҚ мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және МЖӘ жобаларын сараптау департаментінің басшысы Гүлмира Меңдіғалиева.
Оның айтуынша, бұрын тұрақтандыру қорына неге 1,5 мың тоннадан астам көкөніс пен картоп алынған. Алайда биылғы одан аз болғалы тұр.
– Соңғы жылдары біздің өңірдің тұрғындары көкөніс тапшылығын сезінген жоқ. Қысқы мезгілде де баға тұрақтылығы сақталып отыр. Біз өткен жылдардағы ауыл шаруашылығы өнімдерін сату процесін талдадық. Содан соң тұрақтандыру қорына 605 тонна өнім жеткілікті болады деген қорытынды жасадық, – деді Меңдіғалиева.