Оқушылардың ғылыми жұмысы халықаралық жинаққа енді

Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары ұсынған ғылыми жұмыс В.Курбатов атындағы оқушылардың халықаралық ғылыми еңбектер жинағына енді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Аталған мектептің 8-сынып оқушылары – Ділназ Мүбарак пен Әзиза Абатова Ресей Федерациясында қашықтан өткен «Химия: ғылым мен өнер» атты ғылыми-жобалар конкурсына «Апельсин қабығынан тыңайтқыш әзірлеу» тақырыбындағы зерттеу жұмысын ұсынған. Нәтижесінде ғылыми еңбек ресейлік қазылар алқасының жоғары бағасын алып, Әзиза мен Ділназ үшінші дәрежелі диплом мен сертификатқа ие болды.
– Атыраулық оқушылардың ғылыми жаңалығы В.Курбатовтың 142 жылдығына орай жарық көрген халықаралық ғылыми еңбектер жинағына енгізілді. Санкт-Петербург мемлекеттік технологиялық институтында оқушылардың еңбегі жарияланған ғылыми жинақ сертификаты онлайн түрде табысталды. Бұған дейін Әзиза Абатова мен Ділназ Мүбарактың аталған ғылыми-зерттеу жобасы оқушылардың республикалық «Зерде» ғылыми-зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар байқауында бас жүлдеге ие болды, – деп хабарлады Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.