Бақылау камераларымен қылмыстар ашылуда

Атырауда биылғы 9 айда бақылау камераларымен 186 қылмыс ашылған. Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында мәлім болды.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиевтың мәліметінше, биылғы жылдың 9 айында 759 сыртқы бақылау камерасы арқылы 186 қылмыс ашылған.
Сондай-ақ, жол жүру қағидаларын бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін «Сергек» аппаратық-бағдарламалық кешенінің 1 224 камерасы қала аумағындағы автокөлік жолдарының 153 желілік учаскесіне және 51 реттелетін көше қиылысына орнатылды.
«Сергек» бейнебақылау камералары арқылы жолда жүру ережелерінің бұзылуы пошта байланысымен, СМС хабарламалары арқылы көлік иелеріне жеткізіледі. Хабарламаны алған соң 7 күн ішінде айыппұлды төлеуші көрсетілген соманың 50 пайызын төлеуге мүмкіндік алады. 10 қыркүйекте іске қосылған құрылғының көмегімен осы кезге дейін 6 006 жол жүру қағидаларын бұзған құқықбұзушылық анықталды. Құқық бұзушыларға 42 млн. теңгеден астам айыппұл салынып, 8 млн. 590 мың теңгесі өндірілген.
Оның айтуынша, интернет арқылы жасалатын қылмыс түрлері былтырғыдан 31 пайызға өскен. Интернет алаяқтық қылмыстың төрттен бірін құрап отыр.