Спорт - 08.10.2020

Қазақстанда алғаш рет ірі теннис турнирі өтеді

Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет кәсіпқой теннисшілер қауымдастығының «Astana Open» ATP 250 турнирі өтеді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, әлемдік деңгейдегі жарыстың жүлде қоры – 275 мың АҚШ доллары.

25 қазан – 1 қараша аралығында өтетін додаға рейтингте үздік жүздікке кіретін 60-тан астам теннисші қатыспақшы. Солардың ішінде франциялықтар Бенуа Пер мен Адриан Маннарино, аустралиялық Джон Миллман және басқалар елордаға келетінін растап отыр. Сондай-ақ, Қазақстаннан әлемнің 49-ракеткасы Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Дмитрий Попко сынды еліміздің беткеұстарлары бақ сынамақшы.

Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов турнирдің жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді. Жалпы, АТР 250 әлемдік турниріне жылына 40 кәсіби жарыс кіреді. Биыл коронавирус індетіне байланысты соның 17-сі ғана өтті. Нұр-Сұлтандағы дода теннисшілерге АТР рейтингінде 250 ұпай алуға мүмкіндік береді. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақтала отырып, ойындар көрермендердің қатысуынсыз, қатаң хаттама аясында өтеді.

Қазақстанның бірінші ракеткасы А.Бублик турнирдің өздеріне үйреншікті корттарда өтетінін, мұның ең үздік алаңдардан еш кем түспейтінін жеткізді.