Әлем бойынша Қазақстанның денсаулық сақтау саласы 53-орында

Қазақстан денсаулық сақтау саласының деңгейі бойынша әлемдегі 93 елдің ішінде 53-орында тұр. Денсаулық сақтау саласының деңгейі бойынша әлемдік рейтингті ірі мәліметтер базасы саналатын Numbeo жариялады.
Аталмыш рейтингте Қазақстан 93 мемлекеттің ішінде 53-ші орын алған. Біздің ел, сонымен қатар, ТМД елдерінің ішінде денсаулық сақтау жүйесінің сапасы бойынша ең жоғары индекске ие.
Бұл тізімде Беларусь – 59, Ресей – 63, Украина – 78 және Әзербайжан 91-орында.
Рейтинг денсаулық сақтау жүйесінің жұмыс сапасын, медициналық жабдықтармен, құрылғылармен қамтамасыз ету деңгейін, медициналық қызметкерлер мен денсаулық сақтау саласыындағы мамандардың кәсібилігін, емханалардағы емделу құнын және тағы басқа көрсеткіштерді бағалайды.
Бұл тұрғыда үздік бес елдің қатарынан Тайвань, Оңтүстік Корея, Франция, Жапония және Дания көрінді.
2020 жылдың қаңтар – шілде айларында Қазақстанда денсаулық сақтау саласында жалпы сомасы 749,2 млрд. теңгенің қызметі көрсетілген. Бұл – бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 19,2%-ға көп.
Сонымен қатар, бұл қызметтердің 80,4%-ы – бюджет есебінен, 11,8%-ы – халық есебінен, 7,8%-ы кәсіпорындар есебінен көрсетілген.