Медицина қызметкерлері қарашаға дейін өтемақыларын толықтай алады

Атыраулық 759 медицина қызметкерінің құжаттары мақұлданып, өтемақысы толық төленетін болды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Асхан Байдуәлиевтің мәлімдеуінше, 1 055 медицина қызметкерінің құжаты комиссияға ұсынылды.

Өңірде маусым айында эпидемиологиялық ахуалдың күрделі болуына байланысты өтемақы төлеу туралы комиссия отырысы біраз кешеуілдеп тамыз айынан бастап өткізіле бастады. Алғашқыда 955 медицина қызметкерінің құжаты қаралып, содан бері тоғыз комиссия отырысы өткен. Бұйрықтағы соңғы өзгеріске орай 1 055 адамның құжаты комиссия отырысына ұсынылды. Оның 296-сы кері қайтарылса, 759 медқызметкердің құжаты мақұлданды. Қазір 479 дәрігер төлемақысын алған. Қалған 280 медицина қызметкеріне қарашаның біріне дейін төлемақылары беріліп болады.

Құжаттардың кері қайтарылуының бірнеше себептері бар. Атап айтқанда, медицина қызметкерінің карантин кезінде жұмыс жасағаны туралы дәлелі болмауы, еңбекке жарамсыздық парақшасының толтырылмауы, рентген, КТ қорытындысы мен эпидемиологиялық картасында ПТР сынамасының нәтижесі көрсетілмеуі себеп болып отыр.

Айта кетейік, жұмыс барысында covid-19 инфекциясын жұқтырып қайтыс болған 14 медицина қызметкеріне 10 миллион теңгеден біржолғы өтемақы төленді.