2020 – 2021 жылғы жылу беру маусымы дайындығына 6,3 млрд. теңге бөлінген
Облыстық әкімдікте аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен жылыту маусымына дайындықты пысықтаған селекторлық жиын өтті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.⠀
Атырау облысында 2020 – 2021 жылғы жылу беру маусымына дайындыққа 6,3 млрд. теңге бөлінген.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бауыржан Тұхфатовтың мәліметінше, 3,6 млрд. теңге жергілікті бюджеттен, қалғаны 2,7 млрд. теңгесі кәсіпорындар есебінен қарастырылған. Көпқабатты тұрғын үйлердің 98 пайызы, ал білім беру, медициналық ұйымдар нысандары толықтай гидравликалық сынақтан өтті. Бұдан бөлек, ұзындығы 782,8 шақырым болатын электр, 3,08 шақырымдық су мен кәріз желілерінің, сондай-ақ, 20 шақырымға жуық жылу желісі түгелдей жөндеуден өткен.
Атырау облысының денсаулық сақтау және білім беру басқарма басшылары аймақ басшысы алдында осы мәселе жөнінде есеп берді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровтың мәліметінше, өңірде барлығы 147 медициналық ұйым бар, оның 41-і облыс орталығында, қалғандары аудандарда орналасқан. Олардың бәрі жылу беру маусымына толықтай дайын. Тек екі нысанда, нақтырақ айтқанда Махамбет аудандық ауруханасы мен «Бірлік» дәрігерлік амбулаториясында жылу 10 қазан күні, барлық жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін беріледі екен.⠀
Сондай-ақ, жиын барысында 408 білім беру мекемесінің 405-і де жылу беру маусымына толық дайын екендігі айтылды.
– Қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанына байланысты 5 нысан жылыту маусымына дайын емес. Дегенмен жөндеу жұмыстары өз уақытында, білім беру ұйымдарымен жасалған келісім-шарттарға сәйкес аяқталатын болады, – деді Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев.
Жиын соңында облыс әкімі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысына, қала және аудан әкімдеріне тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды қысқы маусымға дайындау бойынша барлық жұмыстарды мұқият бақылауға алу керектігін айтып, жылу беру маусымына бөлінген қаражатты заң шеңберінде игерілуін бақылауға алуды тапсырды.
Биыл жылдағы үрдіспен 1 қазаннан бастап әлеуметтік нысандарға, 15 қазаннан бастап көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беру басталады.