Карантин салдарынан ең көп зардап шеккен сала аталды

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов коронавирус салдарынан жұмысы қиындаған кәсіпкерлер туралы айтты.
– Індет кәсіпкерлер жұмысына елеулі қиындықтар алып келді. Біздің орта есеп бойынша карантинде қызмет көрсету саласындағы 800 мыңнан астам кәсіпкер қиындыққа тап болды. Санитарлық дәрігерлердің бұйрығына сәйкес, олардың 500 мыңнан астамының жұмысы тоқтап тұрды. 17 тамыздан бастап қана жұмыстарына кірісті. Әлі де жұмысын бастай алмай отырған кәсіпкерлер бар. Осы орайда қоғамдық тамақтану саласындағы асханалар, мейрамханалар мен дәмханалар толық күшінде жұмысқа кіріспеді. Асханалар өзінің шығынын өтей алмағаннан кейін, жұмысын тиісті деңгейде бастай алмай отыр, – деді ол.