481 тұрғыны бар ауылға интернет желісі орнатылуда
Томан елдімекеніне интернет желісі 1 қазанға дейін толық орнатылады. Бұл туралы Атырау облыстық Білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Исатай ауданындағы Аққыстау ауылдық округі Томан елдімекенінде штаттық режимде 1 – 4 сыныптың 33 оқушысы білім алуда. Мұнда ІТ-сынып толық жабдықталған.
Томан бастауыш мектебінің меңгерушісі Жанаргүл Жанғалиеваның айтуынша, 1970 жылы салынған бастауыш мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда ауылда 481 тұрғын бар. Ең басты деген интернет мәселесі де шешілуде. Жақында «КазТранстелекоммен» келісім-шартқа отырып, ауылдың жартысына интернет желісі орнатылыпты. Сондай-ақ, газ, су мәселелері бойынша халыққа барлық жағдай жасалған. Ауылға интернет желісі толықтай қазанның 1-іне дейін орнатылатын болады.