Екінші толқынға дайындық басталды
Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен бүгін селекторлық кеңес өтіп, аймақтың коронавирус індетінің екінші толқынына дайындығы пысықталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Бүгінгі таңда өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақталды. Десе де дайындық жұмыстары күшейтілген.
Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровтың мәлімдеуінше, коронавирустың екінші толқынына жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде медициналық ұйымдар мен дәріханаларда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы тұмауға қарсы екпе жүргізу үшін 60 мың доза вакцина алып, екпе жұмыстарын бастап кеткен.
Облыстың медициналық ұйымдары науқастарға көмек көрсету үшін 224 ИВЛ, 27 рентген, 10 компьютерлік томография аппаратымен, 977 оттегі генераторымен және 1100 пульсоксиметрмен қамтамасыз етілген.
Екінші толқын болған жағдайда облыста 2080 инфекциялық кереует, оның ішінде 120 реанимациялық кереует жасақтау жоспарланған.
Бұдан басқа, шалғай елдімекендерде орналасқан тұрғындарды медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін өңірге 7 жылжымалы медициналық пункт келеді деп күтілуде.
Бүгінгі күні облыстың емдеу-сауықтыру ұйымдары жеке қорғаныш құралдарының 2 айлық қорымен қамтамасыз етілген. Демеушілік көмек арқылы алынған 8 бірлік автокөлік облыстың медициналық ұйымдарына таратылды.
Бұдан басқа, қазан-қараша айларында лизинг арқылы 40 санитариялық автокөліктің жеткізілуі күтілуде. Облыс бойынша 8 медициналық ұйымға орталықтандырылған оттегі станциясын орнату жоспарланған болса, бүгінде 6 станцияның құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Жиын барысында дәрі-дәрмектердің тапшылығын болдырмау, карантин кезінде той, еске алу сынды отбасылық жиындарға тоқтау салу, дезинфекция жұмыстарын күшейту, сонымен қатар, карантин жағдайындағы кәсіпкерлік нысандардың жұмысын жалғастыру сынды мәселелер де талқынады.