145 мыңнан астам жас «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысуда
2020 жыл 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 145 мыңнан астам жас азамат нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушылары болды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оның ішінде 19,2 мың азамат колледждер мен жоғары оқу орындарының түлегі.
Осы жылдың 8 айында 134,8 мың жас жұмыспен қамтылды, оның ішінде 76,1 мыңнан астам адам әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасына және қоғамдық жұмыстарға жіберілді. 4,5 мың жас еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар мен мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқуға жіберілсе, 6,4 мың адам жеңілдетілген микрокредиттер мен қайтарымсыз гранттарға ие болды.
Сонымен қатар, жұмыс берушілерді еңбек тәжірибесі жоқ жастарды қабылдауға ынталандыру және еңбек нарығында жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектерге барлық меншік нысанындағы ұйымдарда қажетті еңбек дағдыларын үйрету үшін оларды жұмысқа орналастыруды көздейтін «Алғашқы жұмыс орны» жобасы іске асырылуда.
Көпбалалы және табысы аз отбасылардан шыққан колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері, сондай-ақ оқуын аяқтаған әрі еңбекке қабілетті мүгедектер «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша басым құқыққа ие.