Мешіт мейірімділік жасады

«Иманғали» орталық мешіті «Мектепке жол» акциясы аясында 50 шаңыраққа мектепке даярлық құралдарын табыстады. Бұған миллион жарым теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Ал облыс бойынша 235 отбасыға қайырымдылық жасалды.

Өтініш бергендердің ішінде «Жусан» операциясымен елге қайтқан бүлдіршіндер де бар.

— Жалпы, мешіттерге өтініш білдіріп, мектепке құралдар алып берсеңіздер деп өтініш білдіргендер көп. Сол өтініштер бойынша таратып жатырмыз. Жасап жатқан қайырымдылығымыздың тізімінде «Жусан» операциясымен келгендер бар. Сондай-ақ, көпбалалалы отбасылар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар қамтылып отыр, — деді Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акция барысында 2 млн теңгеге 40 жанұяға ұялы телефон табысталған. Қайырымдылық шарасы алдағы уақытта да жалғасын таппақ.