«Дина» базары қайта жабылуы мүмкін

Санитарлық талаптар сақталмаса «Дина» базары жабылу мүмкін. Бұл жөнінде Атырау қалалық әкiмдiгiнiң баспасөз қызметі хабарлады.
2020 жылдың 28 тамызы мен 1 қыркүйек күндерi аталған сауда орталығында мобильдiк топпен тексеру шаралары өтті. Оған қала әкiмдiгi, санитар дәрiгерлер, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері мен Атырау қалалық кәсiпкерлiк және ауылшаруашылығы бөлiмiнiң мамандары қатысты. Бұл шара ең алдымен базар қызметкерлерi мен оған келушi тұрғындар үшiн эпидемиологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталды.
Мониторинг барысында базар аумағындағы 8 блокта ауа желдету желiлерiнің жеткiлiктi деңгейде жұмыс жасамай тұрғаны, сонымен қатар, базар басшылығының бұған дейін облыстық санитар дәрiгер атап көрсеткен кемшiлiктердi толық жоймағаны анықталды.
Мониторинг жұмыстарының келесi сатысында талап орындалмаса жауапты тұлғаларға шара қолдану, жекелеген нысандар қызметін шектеу көзделіп отыр. Егер санитар дарiгер берген ескертпелер орындалмаса базар қызметін тоқтату әбден мүмкін.