«109» байланыс орталығы қосылады
Атырау облысында карантин кезінде жұмыс істеген «109» бірыңғай байланыс орталығы 15-қыркүйектен бастап толық іске қосылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Байланыс орталығы өңір тұрғындарының әр түрлі сұрағына жауап беретін болады. Мұнда азаматтар коммуналдық мәселелер, медициналық қызметтер, білім беру және басқа да мәселелер жөнінде сұрақтарын қойып, арыз-шағымдарын айта алады.
Орталық мамандары тұрғындардың өтініштерін 109 қысқа нөмірі, WhatsApp чат-бот, облыс әкімдігінің сайты, 109@scatyrau.kz электронды поштасы және atyrau109 Telegram чат-бот арқылы қабылдайды. Оған қоса, осы жылдың қазан айында «109» бірыңғай байланыс орталығының арнайы мобилді қосымшасы іске қосылмақ.
– Сондай-ақ, орталық қызметкерлері Instagram, Facebook, Вконтакте және басқа да әлеуметтік желілердегі өтініштер, сұраныстар мен ұсыныстарға мониторинг жүргізеді. Мұндай мониторингті халықпен қарым-қатынастың тағы бір құралы деп санауға болады, – дейді облыс әкімі аппараты «Ахуалдық орталығының» басшысы Аманат Табылдиев.