Он үш жасар қызын күйеуге берген
Атырау облысында анасы 13 жастағы қызының тұрмысқа шығуына келісімін берген. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Осы оқиға жайлы бұған дейін әлеуметтік желіде ақпарат тарап, 13 жасар қыздың Қызылқоға ауданындағы Миялы ауылының 2002 жылғы тұрғынына тұрмысқа шыққаны айтылған.
— Атырау қаласында тұратын кәмелетке толмаған қыз былтырғы желтоқсаннан бері Қызылқоға ауданының жігітімен кездесіп жүрген. Арада бірнеше ай өткенде отбасын құру жөнінде шешім қабылдаған қызына анасы келісімін берген.
Қызылқоға аудандық ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері кәмелетке толмаған қыздың анасын шақырып, жасөспірімді дәрігерлік тексеруден өткізді. Аудандық аурухана дәрігерлері 13 жастағы қыздың жыныстық қатынасқа түспегенін, денесінде жарақат жоғын анықтады. Жас жұппен, олардың ата-анасымен түсіндіру жұмысы жүргізіліп, кәмелетке толмағандармен жыныстық қатынасқа түсу ҚР Қылмыстық Кодексінің 122-бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескерту жасалды, — деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір 13 жасар қыз үйіне оралып, жаңа оқу жылына дайындалуда.