Жылына 12 миллион шабақ өсіру жоспарда
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов балық шаруашылығын дамыту мен балық қорын молайту мәселелеріне қатысты селекторлық кеңес өткізді. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Аймақ әкімі Махамбет Досмұхамбетов еліміз бойынша ауланатын балықтың шамамен үштен бір бөлігі Атырау облысына тиесілі екеніне тоқталды.
– Жыл басында Үкімет басшысы Асқар Маминнің өңірге жұмыс сапары барысында Атырау облысында балық өнеркәсібін дамыту мәселесі бойынша арнайы жиын өткізіліп, қорытындысы бойынша бірқатар тапсырмалар берілген.
Сондай-ақ, кеше Үкімет отырысында да балық шаруашылығын дамыту мәселесі қаралды. Сондықтан Атыраудың балық шаруашылығы күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі.
Облысымызда осы салада 5 мыңға жуық адам жұмыс жасайды. Тек өткен жылдың өзінде 14 мың тонна балық ауланған, – деді Махамбет Досмұхамбетов.
Кеңес барысында Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы баяндама жасады.
– Күні бүгін бөлінген квота бойынша 6 492 тонна балық ауланды, яғни лимит 87 пайызға игерілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 794 тоннаға артық.
Балық аулау рұқсаттары арқылы көктемгі маусым ақпан айында басталды, – деді облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.
Оның сөзінше, балық өнімдері Ресей Федерациясы, Украина, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия, Франция, Литва және Израиль елдеріне экспортталды.
Қазіргі уақытта, облыста 18 балық шаруашылығы кәсіпорнында 617 тұрақты және 4 385 адам маусымдық жұмысқа тартылған.
Бекіре тұқымдас балықтарының қорларын сақтап қалу және олардың санын көбейту мақсатында жыл сайын Жайық өзеніне 7,5 миллионнан астам бекіре тұқымдас шабақтары жіберілді.
– Қазіргі уақытта «Жайық-Атырау» бекіре балық өсіру зауыты мен «Атырау бекіре балық өсіру» зауытын біріктіріп, қайта құрып қуаттылығын артырып, жылына 12 миллион шабақ өсіру жоспарлануда.
Облыс көлемінде бұрын болмаған тоғанда балық өсіру жобасы басталды. Бұл мақсатта «Восток» және «Тілекші» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Абдулов» шаруа қожалығы тауарлы бекіре және тұқы тұқымдас балық түрлерін өсіру жұмыстарын қолға алуда, – Артур Сәдібекұлы.