Тұрғындарға ерекше бетперделер таратылды
Атырау облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өзгеше акция өткізді.
Осы жексенбіде полицейлер еріктілермен бірге қаладағы ықшамаудандарды, көшелерді аралап, көшедегі адамдарға «Есірткіге жол жоқ!» логотипі бар бетперделер таратты.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Марат Таганиязовтың айтуынша, акция мақсаты азаматтарға, соның ішінде жастарға есірткінің зияны туралы ақпаратты, сондай-ақ, коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау туралы жеткізу.
— Маскаларды міндетті түрде тағуды ешкім де өзгерткен жоқ, бірақ біз акция барысында бетпердесіз жүргендерді жауапкершілікке тартпай, қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтау қажеттігін және нашақорлықтың алдын алу мақсатында жастарға есірткінің зияны туралы да түсіндірдік, — дейді Марат Таганиязов.
Жалпы тұрғындар полиция қызметкерлерінің мұндай бастамасына оң көзқараспен қарап, берілген ұсыныстарды мұқият тыңдап, ризашылықтарын білдірді.
Аталған акция Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың тапсырмасы аясында өткізілді. Бұл күні атыраулық полицейлер еріктілермен бірге қала тұрғындарына «Есірткіге жол жоқ» деген логотипімен 1 500 бетперде табыстады.